«Қайырымдылық керуені» конкурсы үздіктерді анықтайды

«Қайырымдылық керуені» республикалық байқауы Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының Қоры, Қазақстанның Іскер әйелдер қауымдастығы және «Хабар» агенттігінің бірлесе ұйымдастыруымен жүзеге асқан.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Атырау облысының Іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Нұрлы Әйтиева және облыстық Ішкі саясат басқармасының Азаматтық орталығының директоры Әйгерім Досқалиева мәлімдеді.

Жалпы, жобаның басты мақсаты – қайырымдылық идеяларды дәріптеу, белсенді азаматтық бастамаларды қолдау.

Спикерлердің айтуынша, байқауға әлеуметтік, қоғамдық проблемаларды шешуге және өздерінің жомарттығымен басқаларды мейірімділікке ынталандыруға үлес қосып жүрген жеке және заңды тұлғалар қатыса алады.

Өңірдегі конкурсқа қатысушыларды іріктеу жұмыстары биылғы ақпан айына дейін созылады. Ал, жеңімпаздардың есімі ақпанның соңында – Алғыс айту күні мерекесінің қарсаңында белгілі болады.

Сонымен, лауреаттар 5 номинация бойынша анықталады. Олар:

* «Асар» (номинация халықтың салт-дәстүрімен байланысты қайырымдылық қызмет көрсететін адамдарға қолдау көрсетуге бағытталған);

* «Туған жер» (білім беру, экология және көріктендіру саласында туған өлкеге көмек көрсететін адамдарға беріледі);

* «Мейірім жолында» (аталымға ерікті негізде және тегін көмек көрсететін, игі істер атқаратын адамдар ие болады);

* «Батыл жүрек» (номинация ерлік іс жасаған, жанкештілік танытқан адамға қолдау көрсету мақсатында тағайындалады);

* «Қайырымдылық тарихы» (номинация БАҚ-та қайырымдылық тақырыбын қозғайтын, қоғамның назарын әлеуметтік мәселелерге

аудартатын материалдардың жариялануын қамтамасыз ететін журналистерге немесе шығармашылық ұжымға беріледі).

Айта кетейік, конкурсқа кәсіпкерлік субъектілері және қайырымдылық қызметті мемлекеттік қолдау арқылы жүргізетін тұлғалар (мемлекеттік грант, мемлекеттік тапсырыс, т.б.) қатыса алмайды.

Қосымша сұрақтарыңыз болса 8777 195-15-95, 8778 777-89-94, 8705 444-35-01 ұялы телефон номерлеріне хабарласуларыңыз сұралады.

 

Айдос Қарабала

Фото egemen.kz сайтынан алынған

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Top