СЕКЕРКӨЛ ХИКАЯСЫ(поэма)

 І бөлім

Күнәмдей қанша жусам тазармаған,
Құбылған құмыраңдай көз алдаған.
Санамда бір сағыныш өлген кезде,
Сарайшық, дастаным ең жаза алмаған.

Сарайшық, дастаным ең шері басым,
(Балаған бас қалаға сені Қасым)
Басынан жеті ханның өткен дәурен,
Бізді де сатар бір күн, не қыласың…

Жұртында көшкен керуен қалған шоқты,
Үрлеу де біз пақырға арман боп тұр.
Шайырға шабыт берген қайран шаһар,
Сен жайлы қиялдаудан танған жоқпын.

Білмеймін жазбасымды, жазарымды,
Ақынға арттың неге азабыңды.
Жайықтың жағасына жылап келдім,
Бәйіт қып баяны кем базарыңды.

Жайық үнсіз, не десін… киелі ғой,
Тылсымын толқынына түйеді ғой.
Түбінде шөгіп кеткен сансыз қаңқа,
Менің бекзат бабамның сүйегі ғой.

Қызғанады, бар сырын жасырады,
Бұрынғыдай жатқан жоқ тасып ағып.
Жинай алмай отырмын жағалауда,
Абайсыз маржанымды шашып алып.

Сарайшық, жаһұт – бейне, жүзік – арман,
Сен менің дастаным ең үзіп алған.
О, неткен қасиетті мынау белес,
Тарғынның Тарланының ізі қалған.

Әлемді айдай көркі ғашық еткен,
Жолында сан алыптың басы кеткен.
О, неткен қасиетті мына төбе,
Едіге етігімен басып өткен.

Сарайшық, жербетілік үрдің бағы,
Өзімен бірге кеткен сырдың бәрі.
О, неткен бақытты еді тірісінде,
Толқын жұтқан қаланың тұрғындары.

Бәрі жұмбақ, сен мейлі, сенбе мейлі,
Оларды енді ешнәрсе емдемейді.
Айтар еді қаншама ақиқатты,
Өкінішті. Өлгендер сөйлемейді.

Өкінішті, өлгендер сырға берік,
Таңды таңға жалғап бір тыңдар едік.
Қуанышын, қайғысын, қамсыз шағын,
Өзгеше өлең тілінде жырлар едік.

Және шындық, өлгендер мақтанбайды,
(Тірілер ғой жасайтын жоқтан қайғы).
Айтпайды олар әлемде теңдесі жоқ
Алуан жеміс өсірген бақтар жайлы.

Сол бақтағы құпия серуендерді,
Күндіз-түні ағылған керуендерді.
Беу, қаншама ғажапқа кенелер ең,
Сөйлетіп көр, әуелі өлгендерді.

Ақталған да сәттерін айыпталған,
Көпірлерді жасалған қайықтардан,
Ең бақытты шаһардың шежіресін,
Үнсіз шертіп бұл күнде Жайық қалған.

Кімге керек мезгілсіз зияратың,
(Ұяң ақын жырлаған зия қалпың)
Арзу қылып бұл күнде көкке айтты олар,
Қаһарлы Иван көрсеткен қиянатын.

Жан дауысың жұтылып маң далаға,
Ашкөзі көп заманың ардан ада.
Жақсыларға жер үсті тарлық қылған,
Қызғаныштың құрбаны сен ғана ма?!

Өзіңнен бір бейкүнә мұңды іздедім,
Сол мұңнан моншақтай қып жыр тізгелі.
Қазына іздеп жүргем жоқ қара басып,
Ей, Сарайшық! Қақпаңды аш, кіргіз мені.

ІІ бөлім

Ай астында бір көл бар,.
Ат шаптырса жеткісіз.
Ортасында алуа, секер бар,
Татқан қулар кеткісіз…
(Махамбет).

Ай астында бір көл бар…
Болған дейді…
Айдың нұры тек соған тамған дейді…
Аққу біткен тек сонда қонған дейді…
Айдынына сол көлдің қайық салу
адамзатқа айықпас арман дейді…

Ай астында бір көл бар…
Жанары аспан,
Қиялыңды қияға ала қашқан.
Біздің жақтың бармақтай бүлдіршіні,
Бұл аңызға тамсанған бала жастан.

Ай астында бір көл бар…
Күміс кесе,
Мынау халім қайтейін мұң үстесе.
Ұлысудың бойында ұлы думан
шақты бастан өткерді ұлыс неше.

Ай астында бір көл бар…
Шекер көлі,
Асау жылдар оятты бекер мені.
Асан шалдың тұсында дүниеге кеп,
Сенде туып, жалғаннан өтер ме еді…

Ай астында бір көл бар…
Жаны дертті,
Тарих талай сырды мәлім етті.
Қырық атанмен қапшықтап қант төктірген,
Перзенті еді ол қайсар Жәнібектің.

Ай астында бір көл бар…
Тұнған арман,
(Бұл күнде көл табаны құмға оранған).
Арай шыққа шомылып балтырлары,
Сарайшықтың қыздары суға барған
кезді аңсап көңілімді мұңға малғам.

Ай астында бір көл бар…
Жәнібек көл,
Атағы Мысыр асып әрі кеткен.
Сол ғасырда, сол жұртта, Сарайшықта,
Туған жанның артық ед бағы неткен?..

Ай астында бір көл бар…
Қарашығым…
Қадаған аспан көзін, дала сұғын.
Алтын қайық жүзетін көл бетінде,
Серуенге шыққанда Сара сұлу.

Ай астында бір көл бар…
Балдай дәмі,
(Сыңар аққу көгінде самғай ма әлі?..)
Жалғыз қызы данышпан Жәнібектің,
Сарайшықтың бағы еді маңдайдағы.

Ай астында бір көл бар…
Сақта, күнім,
ақын айтқан аңызды ақтарылып.
Алма ағаштар ашқанда бақта гүлін.
Ханның қызы шығатын серуенге,
Аққу біткен төсейтін ақ мамығын.

– Көрмейсің бе, әз ханның парасатын,
Жарты әлемге жаймақ қой алаш атын
Қырық нөкер ергенде Сара қызға
Аруы мен аққуын айыра алмай,
Жат жерліктер есінен адасатын.

Жүректердің тұтатып сөнген өртін,
Ақының да, батырың сенделетін.
Ақ білегін айдынға малып тастап,
Сара сұлу құстарға жем беретін.

Құсқанат көлдің бетін сызатын шақ,
Шырайы шабыт берген жүз ақынға,
Өлкенің сәні болған өрімтал қыз,
Осы күз Алтай жаққа ұзатылмақ

Аппақ жүзі жаралған нұрдан ерек,
Кеудесіне жасырып жұмбақ әлем.
Кей сәттерде бойжеткен ән салатын,
Қоңыр кешті құпия сырға бөлеп:

«Ойнатып алтын шуақ келбетінде,
Ақ айдын арманымды тербетуде.
Атажұрт саған қарап анық білдім,
Жұмақтың бар екенін жер бетінде.

Атқыздым ақ таңымды күліп қанша,
Бал дәурен-жүрегімді жылытқан шақ.
Алаңсыз балалығым ұрланбаса,
Уақыт бір орында тұрып қалса…

Жазмыштан құтылмайсың қашқанменен,
Атағың астасса да асқарменен.
Кірпігім қамалғанда қанат бітіп,
Түсімде неге ылғи аспан көрем…»

…Шынымен түсіне оның көк кіретін,
Ақ жүзін айға ғана өптіретін.
Қылығы түсініксіз құрбысына,
Күліп тұрып көзге мұң шөктіретін.

Жанарға жетім тамшы тығылады,
(Жалғанда жан сырыңды кім ұғады?..)
Алтын қайық ескегін арманшыл қыз,
Бетке алып бұра берді құбыланы.

Аппақ қыз, аппақ үміт, ақ қауырсын,
Бойына бір кеселдің батқаны шын.
Осы түн бір зауалдан берді хабар,
Осы таң сайрамады бақта құсым.

Жас шынар жапырағын жая алмады,
Ұзамай Секеркөлдің таяр бағы.
Аллам-ай, көз өтті ме, сөз өтті ме,
Сара қыз ұйқысынан оянбады.

ІІІ бөлім

– Көрмейсің бе әз ханның парасатын,
Жарты әлемге жаймақ қой алаш атын-
Қырық нөкер ергенде Сара қызға
Аруы мен аққуын айыра алмай,
Жат жерліктер есінен адасатын.

Жүректердің тұтатып сөнген өртін,
Ақының да, батырың сенделетін.
Ақ білегін айдынға малып тастап,
Сара сұлу құстарға жем беретін.

Құсқанат көлдің бетін сызатын шақ,
Шырайы шабыт берген жүз ақынға,
Өлкенің сәні болған өрімтал қыз,
Осы күз Алтай жаққа ұзатылмақ

– Қыз кетсе мына көлден қызық кетер,
– Кеудеден бір үмітті үзіп кетер…
– Құдай-ау, Алтай қайда, біз қайдамыз,-
Билей ме жұрт көңілін күдік бекер.
Белгісіз жүрегінде не сыр бары,
Бұлқынғаны… жазмышқа бас ұрғаны.
Сара серуен құрып жүр Секеркөлде,
Шолпысы сылдыр қағып шашындағы.

Көкіректен ысырып күмәнді ойды,
Аққу-ару айдында сылаңдайды.
Көп елестің ішінде көлденеңдеп,
Көрмеген жар бейнесі қылаңдайды.

Осылай күн артынан күн алмасты,
(Тылсымын табиғаттың ұға алмаспын…)
Тосын жай тіксіндіріп тұла бойды,
Бір кеште төңіректі тұман басты.

Шымылдық көлді көзден қалқалады,
Сол түні ай да аспанда шалқалады.
Сарайшық.Сарша тамыз.Сары ала таң.
Көк мұнар көпке дейін тарқамады.

Көк мұнар көк пен жердің арасында,
Туғызды түрлі ой жұрттың санасында.
Сарылтып сейілгенде Секеркөлдің,
Бір ғажап пайда болды жағасында.

Жо-жо-жоқ… Бәрі орнында… Баяғыша…
Ақ айдын аққуларға жаяр құшақ.
Жалғыз құс жүзіп жүрді көл шетінде,
Келбеті көрген жанды қояр тұсап.

Сыңар құс жүзді жұртты таңғалдырып,
Назарын қарағанның алған бұрып.
Аһ ұрды абыржыған айналасы,
Кім көрген аққу қара болғандығын.

– О, тоба! Бұл не деген сұмдық еді?-
– Бұл ненің белгісі екен?
– Кім біледі?
– Жазған-ау, аққу қара болушы ма ед?
Сезеді бір сүреңді сұм жүрегім…

-Қарай гөр… Қандай сұлу!
-Жабайы ма?
-Кәдімгі аққу, түсі ғой бар айыбы.
Сыңар құс жүзіп жүрді көл бетінде,
Таратып суық сәуле маңайына.

Бұл хабар сілкіндіріп тамам елді,
Қасында қырық нөкер Сара келді.
Жанын баурап тәкаппар жалғыздығы,
Қыз көңілі аққуға ауа берді.

Сезімсіздер қайтеді тебіреніп,
Серіксіз құс не деген керім еді?…
Ақ моншаққа тізілген абайсызда,
Қара маржан секілді көрінеді.

Жұмбақ құс жүзді жалғыз дараланып,
Баураған сиқыры бар сананы анық.
Секемсіз һәм селкеусіз мейіріммен,
Жалғыз ақ жем береді Сара барып.

-Патшадай паң құсым-ау, жұбың қайда?
Бір тылсым ет жүрегін сығымдайды.
Ойға батып баянсыз ғұмыр жайлы,
Әйтеуір, жас арудың мұңы ұлғайды.

Шығыстан шаншылғанда таң шапағы,
Көңілді түнді аңсаған шаршатады.
Қара қу қара мақпал қанат төсеп,
Ханшайым қолаң шашын тарқатады.

Ханшайым қолаң шашын жазып өріп,
(Барады Секеркөлдің назы кеміп.)
Жанарын бір ноқаттан айырмады,
Беймәлім сағыныштың сазына еріп.

-Ей, тәкаппар жалғыздық, жанды арбаған,
Азаттықты әу бастан армандағам.
Жанымды құс, тәнімді адам қылмай,
Қанат неге бермеген самғар маған?..

Аппақ жүзі жаралған нұрдан ерек,
Кеудесіне жасырып жұмбақ әлем.
Кей сәттерде бойжеткен ән салатын,
Қоңыр кешті құпия сырға бөлеп:

«Ойнатып алтын шуақ келбетінде,
Ақ айдын арманымды тербетуде.
Атажұрт саған қарап анық білдім,
Жұмақтың бар екенін жер бетінде.

Атқыздым ақ таңымды күліп қанша,
Бал дәурен-жүрегімді жылытқан шақ.
Алаңсыз балалығым ұрланбаса,
Уақыт бір орында тұрып қалса…

Жазмыштан құтылмайсың қашқанменен,
Атағың астасса да асқарменен.
Кірпігім қамалғанда қанат бітіп,
Түсімде неге ылғи аспан көрем…»

…Шынымен түсіне оның көк кіретін,
Ақ жүзін айға ғана өптіретін.
Қылығы түсініксіз құрбысына,
Күліп тұрып көзге мұң шөктіретін.

Жанарға жетім тамшы тығылады,
(Жалғанда жан сырыңды кім ұғады?..)
Алтын қайық ескегін арманшыл қыз,
Бетке алып бұра берді құбыланы.

Аппақ қыз,аппақ үміт, ақ қауырсын,
Бойына бір кеселдің батқаны шын.
Осы түн бір зауалдан берді хабар,
Осы таң сайрамады бақта құсым.

Жас шынар жапырағын жая алмады,
Ұзамай Секеркөлдің таяр бағы.
Аллам-ай, көз өтті ме, сөз өтті ме,
Сара қыз ұйқысынан оянбады.

Ардағына сұм ажал салған құрық,
Бұл қаза кетті көпті арманды қып.
Сәйкестік пе, сол түні жалғыз аққу,
Болды ғайып баршаны таңғалдырып.

Жасырып құпияның құндағына,
Қара қу қыздың жанын ұрлады ма?
Әйтеуір мынау өлім айналды анық,
Тірінің түсінбейтін жұмбағына.

ІV бөлім

Ішін өрт, сыртын аяз жалаған ба?..
Жалған-ай, ханнан қалған, қарадан да.
Алдырған бөлтірігін аңдаусызда,
Ұқсады әз Жәнібек жаралы аңға.

Тәңірім осылай да сынай ма екен,
( – Жан ботам, жан-жағымды шырайлы етер…)
Үш күннен соң ес жиып, бас көтерді,
Жүз – суық, шешім – тосын, сыңай – бөтен.

Сонсоң жарлық таратты қаралы елге:
– Жаратқан маған асыл бала берген.
Аллам өзі кешірсін, құлынымды,
Ай өтпей тапсырмаймын қара жерге.

Жұрт айтты: -Хан ауысып кеткен,- деді,
Сүйінді біреулері: – Неткен мейір!..
Әйтеуір, ата-ананың махаббаты,
Даңқпен, дәрежемен шектелмейді.

Бұл хабар тез тарады қол астына,
Қараша хан сөзіне таласты ма?!
– Ажарын ай қызғанған Сара қызды,
Шынымен, кім қияды жер астына.

Арман шіркін арман ба, аңсатпаған,
Жасаудан сақта, құдай, жаңсақ қадам.
Сарайшық түн қойнына сіңген шақта,
Сарайдан атқа қонды он шақты адам.

Шекесінде қияқ ай, аңырды аспан,
Жұмбақ сапар жеткізер жаңылмастан.
Жәнібек – топтың басы, оң жағында
Қасым ұл айырылған қарындастан.

Шақтары көзден ұшып шұғылалы,
Бір өксік көкірекке тығылады.
Күймеде қыз мүрдесі, күйік қысқан
Хан әке бетке ұстады құбыланы.

Жарым түн жетегінде жаралы үміт,
Ақ толқын жанталаса жағаны ұрып.
Ән ғайып, ару ғайып, шері ұлғайып,
Қыр асқан бөрі кеуде барады ұлып.

Сұр мұнар айдың бетін бүркеген-ді,
Сұңғыла шолды-ау, сірә, бір тереңді.
Шаһардан шақырымдар шыққаннан соң,
Жәнібек аттың басын ірке берді.

– Өткінші күн өксіткен өрелі ұлды,
Мәрттігім-маңғаз дала сенен үлгі.
Тал бесіктен тез ауған жер бесікке,
Мынау жазық тербетсін бөбегімді.

Асу бермес жалғанның бұл өткелі,
(Ақиқатты отырмын жыр еткелі)
Бұйрығын әміршінің ести сала,
Жеті жігіт қолға алды күректерін.
– Жылытқан жүрегімді жарығым ең,
Сенсіз лағыл, гауһардың қадірі не?-
Сәукелесін, сандығын жасау толы,
Көмдірді бірге қыздың қабіріне.

Көкелердің көреген даңқын жайып,
Жылдарменен жарысқан нарқы ұлғайып.
Секеркөлге сән берген салтанатты,
Көрге бірге салынды алтын қайық.

– Қадірі бұл қазаның қымбаттасын,
Тылсымын тірі жанға тыңдатпасын.
Жалғаннан жұмбақ көшкен жан ботамның,
Мәңгілік мекені де жұмбақ болсын!-

Бұл сырдың салмағы бар аса құнды,
Сол түні жеті құлдың басы алынды.
Сол түні қалың жылқы қырдан құлап,
Жас қабірді жанардан таса қылды.

Қанша ғасыр басса да құм бораны,
Тыныштығын ешкім де ұрламады.
Тонар еді, тіріде иман жоқ қой,
Білмеді қайда екенін бұл моланың.

…Атағы Мысыр асып әрі кеткен,
Аспанын алты алаштың жарық еткен,
Қанатын күнге жақын қағып өткен,
Жоқ бүгін Секеркөл де, Жәнібек те.
Жар асты жылжып ағып кәрі Жайық,
Аққудың естілмеді әні көптен…

Эпилог
Сарайшық, сағым қала жырға айналған,
(Көңілім қыш кеседей сынбай қалған.)
Көне жұрт, көмескі ізге түскенімде
Бас сүйек тауып алдым құм қайраңнан.

Тұрғыны ол бәлкім тұңғыш астананың,
Тыңдаған Сара қыздың аспан- әнін…
Сайраны Секеркөлдің еске оралып,
Бейуақ жанарымды жасқа малдым.

Күндер-ай, қиялымды жиі алдаған,
Көгінде ән қалықтап, күй аунаған.
Бақ іздеген жат жерлік жолаушы ма?..
Бір көріп Сарайшықты қия алмаған.

Саудагер, мүмкін жыршы күміс таңдай,
Ажалы оқтан ба, әлде қылыштан ба?..
Жұмбағы жанымды арбап өткен күннің,
Қу жаным қойды, әйтеуір, тынышталмай.

Қаны бір, жаны туыс қара көз бе,
Белгісіз сағынышым сананы езген.
Алтын қайық туралы аңызға еріп,
Бейбақтың бірі ме екен мола кезген.

Қазақтікі… Келімсек казактікі…
Бұлдыр бәрі, қайтемін азап тұтып.
Жар басында жәдігер жәудірейді,
Бізден мейір, тәңірден ғажап күтіп.

Қағатын ғасырлармен бірге қанат,
Көзінен бұл-бұл ұшып күндері абат.
Жел мүжіп, күн қуратқан сүйек сынды,
Сарайшық сарғаяды күнге қарап…

Әлия ДӘУЛЕТБАЕВА,
Халықаралық «Шабыт»
фестивалінің лауреаты.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Top