Отандық өнім өрісі

Атыраудың өңдеу өнеркәсібінде 439 кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Оның төртеуі – ірі, жетеуі – орта құрылым. Облыста машина жасау, тамақ, жеңіл өнеркәсіп, құрылыс материалдарын шығаратын салалар қарқынды дамуда. Шағын және орта бизнестің қанат жаюы шетелдік компаниялардың сұранысын қамтуға, елімізде шығарылған отандық өнімді молайтуға мүмкіндік береді.

Биыл облыста кәсіпкерлік саласын дамытуға 1,5 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінді. Мұның дені субсидиялауға қатысты болып отыр. Жалпы сомасы 23,3 млрд. теңгені (несие) құрайтын 312 жоба мақұлданды. Осының нәтижесінде облыстың өңдеу өнеркәсібінде өсім байқала бастады. Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Айқын Елеусізовтің айтуынша, бұдан бұрын өзге шаралармен қатар, Теңіз кенішінде көрме ұйымдастырылды. Бұл мердігер компанияларға Атырауда өндірілетін тауарларды таныстыру мақсатынан туындады.

– Көрмеге 40-тан астам кәсіпорын қатысқан болатын. Олар азық-түлік, жиһаз,  ерітін-ділер, металл бұйымы, тағы басқа өнімдерді ұсынды. Шетелдік компаниялар тарапынан олардың өніміне сұраныс бар, – деді басқарма басшысы.

 

Саян  ҚОЖАХАЕВ,

«Sadaz&K»  ЖШС  бас  директоры:

– Біз гидравликалық, бұрғылау түтіктерін шығарып, техниканың гидроцилиндрлерін дайындаймыз. Шикізат Германиядан алынса, технологиялық желі де осы елден жеткізілді. Өзіміздің мамандар осы мақсатта оқып, жаңа құрылғыны толық игерді. Қазіргі күні «Қазмұнайгазбұрғылау, «Мұнайкөлік» секілді құрылымдармен ынтымақтаса еңбек етудеміз. Сонымен қатар, шетелдіктермен бірлескен TSS, Dalara кәсіпорындарымен жұмыс жасай бастадық. Автокөліктің май түтіктерінен бастап, гидромұнай жабдықтарының кейбір шланг құбырларын шығаратын компаниямыз іскерлік байланысты кеңейту мақсатында жұмыс жасауда.

 

Юлия  ҚЫСТАУҒАЛИЕВА,

«Атырау-Сауда»  ЖШС басшысының

орынбасары:

– Біздің жылыжай жылдың басында іске қосылған еді. Бұл – аумағы екі гектарды алатын ірі кешен. Ең озық қондырғымен жабдықталған нысан голландиялық технологиямен жұмыс жасайды. Бір жылда 1100 тоннаға дейін өнім өндіруге мүмкіндігі бар. Негізінен қызанақ, қияр, болгар бұрышы, баклажан өсіруге бағытталған. Дегенмен, қазір қиярға маңыз берілуде. Күніне 5-7 тонна өнім алынады.

Серіктестік өнімдеріне тұрғындардан сұраныс көп. Оған Жылыой ауданы аумағында жұмыс жасайтын шетелдік, отандық кәсіпорындар да ерекше ынта білдіруде.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Top