Атырауда қала күніне орай 10 метрлік торт жасалды (ФОТО)

Атырау қаласының құрылғанына 378 жыл толуына арналған шаралар легі басталды, деп хабарлайды Атырау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Мерекелік шаралар бүгін ерте басталды. Ашық веложарысқа екі мыңға жуық адам қатысты. Жүлдегерлер бес аталым бойынша марапатталды.

– Қалалық веложарыстар өткен сайын қатысуға ниеттілердің көбейіп келе жатқаны және тек атыраулықтар мен еліміздің басқа өңірлерінен ғана емес, шетелдерден де осы шараға арнайы келіп қатысушылардың бары бізді қуантады. Мысалы, бүгін веложарысқа Әзербайжаннан келген турист қатысты, ол ТМД, АҚШ, Африка елдерін жаяу аралап, 10 мың шақырымды бағындырған, – дейді қалалық спорт және дене тәрбиесі бөлімінің басшысы Ринат Ибрагимов.

Сұлтан Бейбарыс алаңында сәндік-қолданбалы бұйымдар көрмесі, жергілікті шығармашылық ұжымдар концерті, ұлттық спорт түрлерінен ашық турнир ұйымдастырылды. Облыстық әкімдік алдындағы пирс аумағында байдарка мен каноеде ескек есуден қалалық турнир өтті. Мерекені атап өту барысында Атырауда қала тұрғындарына арналып ұзындығы 10 м, ені 80 см торт пісірілді.

– Бүгін Атырау кезекті жасын тойлап жатыр. Шаһар күн санап көркейіп, жаңа сәулетке ие болып келеді. Қазір облыс орталығында көптеген жаңа жобалар жүзеге асырылуда, сол арқылы қаламыздың сәні кіріп, таза, қолайлы болып келеді. Баршаңызға денсаулық, отбасыларыңызға бақыт пен береке тілеймін, – деді қала әкімі
Алимұхаммед Кұттұмұратұлы.

Атырау қаласының күнін атап өту барысында Нұрсая ықшамауданында 800 орындық жабық аквапарк ашылды. Жаңа ойын-сауық орыны заманауи стандарттарға негізделген, мұнда әр ауысымда 18 құтқарушы кезекші болады.

Мерекелік шара 19.00-де Сұлтан Бейбарыс алаңында қазақстандық және ресейлік эстрада жұлдыздарының қатысуымен өтетін гала-концертпен аяқталады.

23.00-де мереке қонақтарының құрметіне музыкалық отшашу болады деп жоспарлануда.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Top