Қиғаш пен Жайық өзендерінің түбі тереңдетіліп жатыр (ВИДЕО)

Атырауда Қиғаш пен Жайық өзендерінің түбін тереңдету жұмыстары ауқымды түрде жүріп жатыр, деп хабарлайды өңірлік коммуникациялар қызметі. 

Атырауда Қиғаш пен Жайық өзендерінің түбін тереңдету жұмыстары ауқымды түрде жүріп жатыр, деп хабарлайды өңірлік коммуникациялар қызметі.

Соңғы рет аталған өзендерде тереңдету жұмыстары өткен ғасырдың 80 жылдары жүргізілген болатын. Өткен 40 жыл ішінде су тоғандарындағы су апатты жағдайға дейін төмендегенімен қоймай, Жайық өзені шамадан тыс ластанды. Кейбір телімдерде су деңгейі небәрі 40-50 см. Осыған орай, қазіргі таңда түп тереңдету жұмыстарын «Павлодар өзен порты» АҚ жүргізуде.

«1 тамыздан бері біз Шарон тармағында 3 км тереңдікте, теңізде мың метрге дейін қаздық. Сондай-ақ,  экскаваторлар арқылы өзендерді қоқыстан тазарттық. Қиғашта біз 480 мың текше метр жерді қазуымыз керек, осы жоспарды жылдың соңына дейін орындаймыз», дейді «Павлодар өзен порты» АҚ төрағасының орынбасары Мақсат Сәдуақасов.

Бұл жұмыстар экожүйеге зиян келтірмейді, керісінше, түбіндегі шөгінділер өсімдіктердің өсуіне ықпал етеді және балықтың көбеюіне оң әсерін тигізеді.

«Қазіргі уақытта құрылғымен суды 3-3,20 метр тереңдікке дейін қазудамыз. Балтикалық жүйе бойынша арнаның ені 40 метр болса, соның 25 метрі осы 2,5-3  метр тереңдік көлемінде болуы шарт. Қазу жұмыстарынан кейін топырақ немесе басқа да қалдықтар әсерінен тереңдік жойылмау үшін 20-30 см тереңіректе қазылады», – дейді телім басшысы Дидар Алипов.

Жайық және Қиғаш өзендерінің түбін тереңдету бойынша іс-шаралардың басты мақсаты – балық жүретін арналарда балықтың жойылып бара жатқан бағалы тұқымдарының өсімін ұлғайту, балықтардың уылдырық шашуға еркін өтуін қамтамасыз ету. Бұл жұмыстар өзен ортасының биологиялық алуан түрлілігі үшін қолайлы жағдайлар жасау, сондай-ақ мелиорация және өзен арналарын тереңдетуге бағытталған.

Шортанбай ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Саясат Зұлқарнаевтың айтуынша, аталған жұмыстар басталған кезде тұрғындар тарапынан «қазып жатқан жердегі судың қалдықтары мал жайылатын жерлерге кесірін тигізбей ме?» деген сауал туған. Олар өзеннің суын ауыл шаруашылық мақсатында пайдаланады, атап айтқанда, мал суарады және жем дайындайды.

«Бұл – балық жүретін өзек. 126 шақырымды өзінің уақытында тазалай алса, алдағы уақытта елдімекенімізде, ауданымызда балық көбейеді деген ойдамыз. Бұл жұмыстар балық өсіруге кедергі келтірмейді. Керісінше, тұрғындар атынан жылдар бойы күрделенген мәселені шешуге көмектесіп жатқан облыс басшылығына алғыс айтамыз. Тек жұмыстар аяқталғаннан кейін аумақтың тазалығын тексеріп, қадағалап отыратын бір мекеме құрылса дейміз», – дейді ардагер Саясат Зұлқарнаев.

Айта кетейік, Жайық және Қиғаш өзендерінің түбін тереңдету бойынша іс-шаралар  2017-2020 жылдар аралығында төрт жылға созылады.

One Reply to “Қиғаш пен Жайық өзендерінің түбі тереңдетіліп жатыр (ВИДЕО)”

  1. Осындай техникаларлы кобейту керек. Жайык жылдан жылга тарылып барады.каса кобейып кеткен. Осындай жумыстарды кобырек жургыссендер жаксы болар еды.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Top