«Атырау-Ақпарат» медиа серіктестігінің ұжымы Елбасы көрмесін тамашалады

«Атырау-Ақпарат» медиа серіктестігінің ұжымы Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінде «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі қор көрмесін арнайы барып тамашалады.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жоғары мемлекеттік наградаларының бірегей жинағы, мемлекет басшылары және отандық авторлар тарту еткен қолтаңбасы бар кітаптар мен Елбасының шет тілдерге аударылған еңбектерін тамашалаған ұжым қызметкерлері, көрмеден көп ой түйіп, ерекше әсер алып қайтты.

Елбасы кітапханасының архив, кітапхана, музей қорларының жәдігерлері ұсынылған көрме төрт негізгі бөлімнен тұрады. Олар: Президенттің өмір кезеңдерінен сыр шертетін «Елбасы жолы» бөлімі, жаһандық кеңістікте тұрақтылық пен қауіпсіздіктің жаңа идеяларын енгізген Ұлт көшбасшысының мемлекеттік құрылым тұжырымдамасының қалыптасуы мен даму тарихы көрініс тапқан «Елбасы феномені» бөлімі және еліміздің қарқынды сыртқы саясаты айшықталған «Әлем таныған Елбасы» бөлімі. Ал, «Елбасы мәртебесі – ел мәртебесі» бөлімінде жоғары мемлекеттік марапаттар қойылған.

Қызметкерлер Елбасының тәуелсіз Қазақстанның тарихи өміріндегі рөліне аталған көрме арқылы тағы бір мәрте көз жеткізгендей болды. Ондағы құнды жәдігерлер Мемлекет басшысының балалық шағы мен бүгінгі биігі туралы сыр шертіп қана қоймай, ел дамуының айқын бет-бейнесін аңғартып тұрғандай.

Қайрат САТАЕВ, облыстық «Прикаспийская коммуна» газетінің шолушысы:

– Елбасы мен ел тарихы – егіз ұғым. Бүгін біз көрмені тамашалай отырып, соны айқын аңғарғандаймыз. Сондықтан, музейден көшпелі еліміздің тұтас тарихына куә болдық. Құнды жәдігерлермен танысып, ерекше әсерге бөлендік. Әсіресе, Елбасымыздың сын сағаттарда қол қойған елдің тағдырын шешудегі басты рөл атқарған құжаттардың түпнұсқасы, көптеген фото және видео материалдарын ерекше ықыласпен тамашаладық.

Айбөпе САБЫРОВА, облыстық «Атырау» газетінің бөлім меңгерушісі:

– Тұңғыш Президент музей қорында сақталған жәдігерлердің барлығы – біздің тәуелсіздігіміздің тарихи дерегі. Әсіресе, Ұлт Көшбасшысының шетелдерге іссапар барысында жазған қолжазбалары, маңызды шешім қабылдар сәттегі орамды ойлары – бүгінгі ұрпаққа құнды мәлімет екені даусыз. Білгеніміздей, музейдегі 11 мыңнан астам жәдігер – Елбасының жеке заттары. Көшпелі қор көрмесі сол байлығымызды халыққа таныстырып, жұртшылық арасында насихаттауға оң септігін тигізуде.

Артур ҚАБДОЛОВ, «Атырау-Ақпарат» ЖШС баспаханасының баспагері:

– Елордамызға баруға барлық адамның мүмкіндігі бола бермейді, сол себепті, көрменің шалғай аймақтарға шығып, құнды жәдігерлердің таныстырылуы біз секілді жас ұрпақ үшін маңызды. Біз көрген жәдігерлердің бәрі маңызды, құнды мәлімет, деректер. Көрмеден Атырау туралы арнаулы бөлімді көріп, кеудемізді қуаныш сезімі кернеді. Елбасымыздың Махамбет батырдың мерейтойында қаламыздағы Исатай-Махамбет ескерткішінің ашылу салтанатында сөйлеген сөзін оқыдық. Көрмеге қойылған жәдігердің барлығы да біздің егемен ел атанған жылдардағы тарихи сәттерден сыр шертіп тұрғандай.

Мәлике МӘЛІК

Суретті түсірген: Е.АЛТЫБАЕВ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Top