Атыраулық 40 жас әскерге аттанды

Бүгін Жеңіс саябағында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің қатарына қабылдау салтанаты өтті. Атыраулық 40 сарбаз Тараз қаласындағы құрлық әскеріне шұғыл әскери қызметке жіберілді. Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев болашақ жауынгерлер, олардың туыстарының алдында сөз сөйледі.
 
 
– Бүгін біз қазақстандық әскер қатарына жас жігіттерімізді Отан алдындағы борышын атқаруға жібереміз. Бірақ, борыштан бөлек, әскери қызмет – сарбаз үшін ең жақсы өмірлік мектеп. Әскердегі қызмет бірқатарыңызға жетілу, мінез, батылдық үшін өмірлеріңіздегі алғашқы сынақ. Бүгінде біздің еліміз әлемдік кеңістікте өзіне лайықты орны бар мемлекет. Бұл, әлбетте, Елбасымыз, бас қолбасшы Нұрсұлтан Назарбаевтың ішкі және сыртқы сарабдал саясатының арқасы. Қазақстандық әскер үшін материалдық-техникалық база, әлеуметтік көмек тұрғысынан барлық жағдай қарастырылған. Бұл біздің әскерге шекарамызды қорғауда алға қойылған стратегиялық тапсырмаларды орындауға мүмкіндік береді. Жас сарбаздарға азаматтық борыштарын лайықты түрде өтеп, анттарына адал болуларын тілеймін, – деді Нұрлан Ноғаев.
 
Сонымен қатар, облыс басшысы жауынгерлерге әскери қызмет қиындығына мойымай, аман оралып, батылдық танытып, мұқтаж адамдарға әрдайым көмек көрсетуге қабілетті болуларын тіледі.
 
Атырау облыстық қорғаныс істері департаментінің басшысы, полковник Батырхан Ақбалиевтың айтуынша, бүгінгі жауынгерлердің әрқайсысы нағыз сарбаз болуға лайықты. 
 
– Әскердегі қызмет кешегі жасөспірімді келешек Отанына адал ер азамат болуға тәрбиелейді. Ақ жол тілейміз, – деді Батырхан Ақбалаев.
 
 
Атырау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әліпқали Бекеш пен сарбаздардың туысқандары да өз тілектерін білдірді.
 
Айта кетейік, 10 қыркүйекте Қазақстанда жастарды күзгі Қарулы Күштер қатарына шақыру басталған еді. Республика бойынша 1992-2000 жылы туған 17 мыңнан аса азаматты шақыру жоспарланған. Атырау облысынан күзгі маусымға 826 жас шақырылып, оның 215-і әскери бөлімдерге орналасуға жіберілді. Ал 175-і ҰҚК Шекара қызметіне, 40-ы Қарулы Күштерге қабылданды.
 
Хорлан Смадияр

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Top