БЖЗҚ қаражаты нарықтық талаптармен кірісті және сенімді жобаларға жіберілетін болады

Мемлекет басшысының 2018 жылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әлауқатының
өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына жолдауы
шеңберінде берген тапсырмасына сәйкес Ұлттық Банк Қазақстан экономикасы нақты
секторының басымдық берілген жобаларын қолжетімді кредиттеуді қамтамасыз ету
мақсатында 600 млрд. теңге мөлшерінде теңгемен ұзақ мерзімді өтімділік беруді
жоспарлап отыр.

Қазіргі уақытта Ұлттық Банк Қазақстан Республикасының Үкіметімен бірлесіп
көрсетілген қаражатты беру талаптары мен тетігін айқындау жұмысын жүргізуде.
Жүргізіліп жатқан жұмыс шеңберінде БЖЗҚ-ның зейнетақы активтерін, оның ішінде 2018
жылғы банктерге арналған облигациялық бағдарламаға сәйкес инвестициялауға
жоспарланған, бірақ толық пайдаланылмаған 200 млрд. теңге болатын қаражат сомасын
нарықтық талаптармен пайдалану мүмкіндігі қарастырылуда.

Бүгінгі күні көрсетілген 2018 жылғы банктерге арналған облигациялық
бағдарламаға сәйкес БЖЗҚ-ның зейнетақы активтері банктердің жалпы сомасы 35 млрд.
теңге болатын облигацияларына жылдық 11,5-12% кірістілікпен инвестицияланды.
Жалпы алғанда бұл өтімділіктің берілуі ағымдағы нарықтық талаптарға сәйкес
мерзімділік, ақылы болу және қайтарымдылық қағидаттарымен жүзеге асырылатын
болады және зейнетақы активтері инвестицияланған жағдайда БЖЗҚ салымшыларының
орта мерзімді кезеңде инвестицияланатын қаражаттан нақты кіріс алуын қамтамасыз
етуге мүмкіндік береді.

Бұл инвестициялар кірісті болып қана қоймай, сенімді де болады. Берілген қаражат
Қазақстан Республикасының Үкіметі іріктеген басымдық берілген және рентабельді
жобаларды екінші деңгейдегі ірі банктер арқылы іске асыруға ғана бағытталатын болады.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Top