Ерекше балаларға – «Ерекше» орталығы

Атырауда ерекше күтімді қажет ететін балаларды бейімдеу және түзетуге арналған орталық ашылды. Ол «Сана» қорының қолдауымен «Бизнестің жол картасы–2020» бағдарламасы аясында қолға алынған.     

Мамандар балалармен жеке және топтық негізде жұмыс атқарады. Бүгінде мұнда 15 бала ем алып жатыр. Олармен логопед, дефектолог, тәрбиеші-психолог, массаж жасаушы, күтуші, медбике, ава-терапистер жұмыс істейді. Үш мезгіл тамақтану мен күндізгі ұйқы жолға қойылған. Осы ретте, ерекше балалардың аналарын қолдаудың да арнайы бағдарламасы әзірленген. Орталықта жұмыс жасайтын үш ата-ана тұрақты жалақысын алып отыр. Ал олардың балалары мұнда тегін негізде қабылданады.

Орталық директоры Әйгерім Сапарованың айтуынша, Атырауда аталған саланың жай-күйін ситуациялық талдаудан өткізетін орындар жетіспейді. 

– Қолданыстағы қызметтер қатарын көбейту қажет. Даун синдромы, аутистік спектр, тіл дамуының кешігуі, психомоторлық даму нысандарының бұзылуымен ауыратын балалар бар. Соларға арналған балабақшалар, инклюзивті білім беретін мектептер мен дамыту орталықтары жоқ. Осы мәселе қолға алынса, ата-аналарға көп көмегі тиер еді, – дейді ол.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, өткен жылы Атырау облысы бойынша 17 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жан тіркелген. Оның 1988-і – 16 жасқа дейінгі балалар.

Гүлдана ЖАМБОЗОВА

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Top