Атырау облыстық әкімдігі мен «Қазпошта» серіктес атанды

2 қараша күні Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев «Қазпошта» АҚ облыстық бөлімшесінің қызметіне қатысты мәселелер талқыланған жиналыс өткізді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды.

Облыс әкімі халыққа қызмет көрсетумен байланысты барлық мәселелер жұртшылық пен атқарушы биліктің бақылауында болуы тиіс екенін атап өтті. Бұл ретте Атырау облыстық Қоғамдық кеңесінің маңызы ерекше. Осыған байланысты Атырауда мекеме басшылығының қатысуымен жиналыс өткізуге шешім қабылданды. Жиналысқа «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Сәкен Сәрсенов қатысты.

Қазіргі жағдай туралы «Қазпошта» АҚ облыстық бөлімшесінің басшысы Алтын Садықова баяндады.

– Аймақта пошта байланысы қызметін көрсететін сегіз кәсіпкер бар. Жеті аудандық пошта қызметі бөлімшесі санитарлық талапқа сай келетін жаңа ғимараттарға көшті. Бұл жақсы жағдайда қызмет көрсетуге мүмкіндік беріп отыр, – деді Алтын Садықова. – Ескі ғимараттарға жөндеу керек. Бұл жұмыс та кезең-кезеңмен жүргізіледі.

Пошта қызметіндегі проблеманың бірі – маман тапшылығы. Осы мақсатта мекеме еңбек жағдайын жақсартып, ынталандыруға бағытталған шараларды іске асырды. Облыстық «Қазпошта» қызметкерлерінің айлық орташа табысы 111 мың теңге, әлеуметтік пакет беріледі. Ай сайын қызметкерлердің біліктіліктерін көтеру курстары жүргізіледі, пошта бөлімшелерінде электронды кезек енгізілуде.

– Біз бүгінгі кездесу екі жаққа да пайдалы болады деген ойдамыз. Мемлекет басшысы халықтың әл-ауқатын көтерудің маңыздылығын үнемі айтып келеді, оның ішінде қызмет көрсету мәселелері, сол қызметтердің қолжетімділігі де бар. Бұл жайттарды бірлесіп шешуіміз керек. Алдымызда тұрған міндеттерді жедел және сапалы атқаруға тиіспіз, – деді Нұрлан Ноғаев.

Өз кезегінде «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Сәкен Сәрсенов облыс басшылығына, Қоғамдық кеңеске проблемаларды шешуге көмектескендері үшін алғыс айтты.

– Осы кездесуді өткізгендеріңізге рақмет. Бұған дейін ешбір облыста мұндай форматта жұмыс істемеген едік. Алдымызға қойылған міндеттерді кезең-кезеңмен атқаратын боламыз. Келесі жылдан бастап көптеген мәселелер шешімін табады деген сенімдемін, – деп атап өтті Сәкен Сәрсенов.

Кездесу соңында қатысушылар пошта қызметіне маман дайындау мәселесіне қайта оралды. Атыраудағы оқу орындарында маман дайындау бойынша ұсыныстар болды. Аймақ пен Қазпошта басшылары ұсынысты қолдап, мамандарға сұраныс болса, жергілікті оқу орындары бұл мәселені қаперлеріне алатындарына сенім білдірді.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Top