«Ұлтқа – мұра, ұрпаққа – рух!» экспедициясы Индер ауданында болды

Елбасы Жолдауында рухани жаңғыру бағытындағы жұмыстарды жалғастырып, оны жаңа мазмұн, тың бағыттармен толықтыру қажеттігін ерекше ескерткен болатын.

Осы іске үн қоса отырып, жақында облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың қолдауымен және «Атырау-Ақпарат» медиасеріктестігінің ұйытқы болуымен «Ұлтқа – мұра, ұрпаққа – рух!» атты тарихи-танымдық экспедициясы жолға шықты.

Экспедиция бұл сапарда өңірдегі тарихқа танымал тұлғалар, батырлар, ақын-жыраулар, би-шешендер өміріне қатысты ел аузында жүрген деректерді, беймәлім болып келген жер-су атауларын зерттеп, зерделеуді және құнды мәліметтер жинастыру арқылы ұрпақтар бойына сіңіру мақсатымен Қызылқоға, Индер, Махамбет аудандарын аралады.

Мұқырдағы атақты Шернияз Жарылғасұлы, Қаракөлдегі Мәтенқожа, Қарабаудағы Бөкен би басында болған экспедиция мүшелері қатарында қазақтың арғы-бергі тарихы мен мұраларын жинастырушы маңғыстаулық шежіре ақын Светқали Нұржан көне жазуларды оқып, мұсылмандық жолмен тәу еткен қасиетті де мазмұнды сапарларын Дендер жерінде де жалғастырды.

«Атырау-Ақпарат» ЖШС директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Баязи Әбдешев жетекшілік еткен экспедицияны Индер ауданы әкімі Серік Арыстан Жарсуат округіндегі Кетебай ауылы тұсынан қарсы алып, Махамбет Өтемісұлы мәңгілік тыныстаған Қаройға бастады.

Мазар басында қорық директоры Сәрсенбай Дәуітбаев пен округ әкімі Әлифолла Балахметов Махамбет ақын рухын тағзым ету, ұлығылау, ұрпақ жадына сіңіру бағытындағы жұмыстар мен міндеттерді сөз етті. Онан соң қонақтар Малайсары, Мұрат Мөңкеұлы мазарларына дұға етіп, атбасын Жарсуаттағы Махамбет атындағы орта мектепке тіреді.

Құрамында Қазақстан Жазушылар Одағы төрағасының орынбасары Мереке Құлкенов, ақын, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Светқали Нұржан, Қазақстан Журналистер Академиясының академигі Нұрлан Нұрғазин, белгілі тележурналист, ЮНЕСКО сыйлығының лауреаты Жұмаш Кенебай, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Саламат Сабыр, облыстық мемлекеттік архивінің директоры Серік Қуаныш, «Атырау-Ақпарат» ЖШС-нің әдеби редакторы Әбілхан Төлеуішев және БАҚ өкілдері облыстық өлкетану музейінің Махамбет атындағы бөлімшесіндегі жәдігерлермен танысты.

Өз тілшіміз.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Top