Атыраулық өнер жұлдыздары бір күнін ХҚО орталығына арнады

Атырау өнер жұлдыздары «Жұлдыздың ХҚО-дағы бір күні» акциясы аясында қызмет алушыларға электрондық кезек талонын ұсынып, кеңес берді. Олардың қатарында Халыққа қызмет көрсету орталығына келушілерге ҚР Мәдениет қайраткері, дәстүрлі әнші Гүлмайдан Сүндетова, ҚР Жастар сыйлығының иегері, актер Нұрбек Мәдиев және айтыскер ақын Шалқарбай Ізбасаров бар. Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Атырау облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.

– Халықпен жұмыс жасау оңай еместігін бұрын сезінсек, қазір басымыздан өткізіп тұрмыз. Өйткені, әр түрлі түсінікпен келетін адамдардың көңілін тауып, нақты жауап беріп отыру үшін білімің де, тәжірибең де жеткілікті болу керек екен, – деді Гүлмайдан Сүндетқызы.

Жұртшылыққа «Бауыржан шоу» театры арқылы танылған, қазіргі «Ара-Атырау» әзіл-сықақ театрының директоры Нұрбек Саматұлы да тұрғындарға электрондық қызметтердің тиімділігін түсіндірді.

– Облысымызда Елбасының «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыруда, халықтың осы бағыттағы сауаттылығын арттыруда филиалдың жасап жатқан жұмыстарына көңілім толды, – деп өз ойын білдірді.

Акция барысында ұялы телефондар мен планшеттер арқылы мемлекеттік қызметтерді өз бетінше алу бағыты кеңінен насихатталды.

Алты жүз мыңға тарты халқы бар мұнайлы өлкеде «Азаматтарға арналған үкімет» филиалының 640 қызметкері бір күнде 7 мыңға жуық адамға мемлекеттік қызмет көрсетеді.

Айбөпе Сабырова

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Top