«Ұлтқа – мұра, ұрпаққа – рух!» экспедициясы Махамбет ауданында болды

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өткен жылғы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы мен  биылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауынан туындайтын міндеттер аясында Атырау аймағындағы «Киелі жерлер географиясына» енген тарихи орындарды кейінгі ұрпаққа насихаттау, дәріптеу және олардың тарихи сипатын айшықтау мақсатында «Атырау-Ақпарат» медиа серіктестігі  ұйымдастырған «Ұлтқа – мұра, ұрпаққа – рух!» атты тарихи-танымдық экспедиция алдын-ала белгіленген маршрут бойынша Қызылқоға, Индер аудандарында өз миссияларын атқарып, талай тұлпарлардың тұяғының ізі қалған жазиралы Жайық бойын жайлаған киелі де, құт мекен – Махамбетке де келіп жетті.

Құрамына өлкетанушылар, тарихшы ғалымдар, шежірешілер енген тарихи-танымдық экспедицияны «Атырау-Ақпарат» медиа серіктестігінің басшысы Баязи Әбдешев бастап келді. Алдымен Сарытоғай ауылы тұсындағы желтоқсанның ұйытқи соққан жаяу борасыны бетін жұқа ақ ұлпамен бүркеп,  әлі қатып үлгермеген майысқақ мұздың үстіне үйінен қолға ілінген киіздерді әкеліп төсеген мәрт мінез азамат Құрақ Маябасовтың көмегімен Исатай-Махамбет атты әскерлерінің Жайықтан өткен жеріне аялдады. Бұл жер де тұнған тарих. Мұздай темір құрсанған патша әскерінен жеңіліс тапқан көтерілісшілердің қырық шақтысы ғана жандарын шүберекке түйіп, арғы бетке өтеді.  Азаттық үшін арпалысқан арыстардың ерліктері ұрпаққа ұран болып, әлі күнге дейін ұлттық рухымызды асқақтатып келеді. Осы тарихи жерге ескерткіш белгі қойылды. Аудан мұғалімдері шәкірттерін ертіп апарып, бұл жерде ерлік сабақтарын өткізуді дәстүрге айналдырған. Экспедицияны аудан шекарасынан күтіп алған аудан әкімі Жәрдемғали Ахметов осындай киелі тарихи жерлер туралы қысқаша түсінік беріп өтті.

Қазақ мемлекеттілігінің бастауында тұрған алғашқы астаналарының бірі – көне Сарайшықтың тарихы кім-кімді де қызықтыратыны белгілі. Ұзақ жылдар бойы осы Хан Ордалы Сарайшық мұражайының директоры болып қызмет атқарған, бұл күнде жасы тоқсанға таяған шежіреші Молдаш атамыз қашанғы жорға жүрісінен жаңылмай Сарайшықтың тарихын суша сапырып, экспедиция мүшелерінің қойған сауалдарына жауап берді. Ал Елбасының рухани жаңғыру бағдарламасына сай жаңаша сипатқа ие болған Сарайшықтың болашағы, отандық туризмді дамыту бағытындағы алдағы атқарылар ауқымды шаралар жөнінде мұражайдың жаңадан тағайындалған басшысы, кәсіби тарихшы ғалым Әбілсейіт Мұхтаров тарқатып айтты.

Сарайшық ауылдық мәдениет үйінде өткен баспасөз мәслихатын кіріспе сөзбен ашқан Баязи Мәдешұлы тарихи-танымдық экспедицияның алға қойған мақсатын түсіндіріп, топ құрамымен таныстырды. Олардың арасында жазушы Мереке Құлкенов, журналистика Академиясының академигі Нұрлан Нұрғазин, ЮНЕСКО сыйлығының иегері Жұмаш Кенебай, мемлекеттік «Дарын» сыйлығының иегері Светқали Нұржан, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Саламат Сабыр, «Атырау-Ақпарат» медиа серіктестігінің әдеби қызметкері Әбілхан Төлеуішев, облыстық «Атырау» газетінің бөлім меңгерушісі Бақытжан Жұмат бар.

– Талай зұлматтарды бастан өткеріп, «елім-айлап» еңіреп, үдере көшкен жанкешті  халқымыздың басынан небір зобалаң өтті, соның бәріне осы жым-жырт бұйығып жатқан туған жердің тау-тасы, бел-белесі, жусанды, ақ селеулі даласы куә, – деді жерлес жазушымыз М.Құлкенов, – Елбасы алға қойып отырған рухани жаңғырудың өзі осы туған топырағымыздың тарихын танып білуден басталады. Елбасының үстіміздегі жылғы 5 қазандағы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Біз ауылдық жерлердің әлеуметтік ортасын жаңғыртуға кірісуіміз қажет. Бұған арнайы  «Ауыл – ел бесігі» жобасының іске қосылуы септігін тигізеді. «Өз жеріңді танып біл!» бастамасы аясында еліміздің өңірлері бойынша жаппай туризмді қайта жаңғырту керек» деп келелі міндет қойып отыр. Осыған орай, біз Елбасы бастамасын жалғастырып қана қоймай, экспедиция сапары қорытындысымен киелі жерлер картасын түзіп, арнайы іс-шаралар жоспарын жасақтауды, ұрпаққа аманаттауды көздеп отырмыз.

Ал Сарайшық туралы айтылар сөз көп, бәрі көкейде сайрап тұр. Оның даңқы әлі талай ғасырларға жететін болады. Сондай киелі жерде қоныстанған Сарайшық ауылының тұрғындары қандай бақытты! Сарайшықтың әлі ашылмаған тылсым сырлары көп, ол уақыты келгенде жалпақ жұртқа жария болады, бүкіл әлем көз тіккен тарихи орынға айналады, – деді Мереке Құлкенов.

Киелі жердің топырағын басып тұрып, шабыты шалқыған арқалы ақын Светқали Нұржан құрылым, бітімі бөлектеу, сонау көне дүние күмбірін құлаққа әкелетін өзінің «Бес қаруды іздеу» атты өлеңін күңіренте, тебіренте оқыды.

Енді бір сәтте киелі Сарайшықпен асығыс қоштасқан экспедиция керуені батысты – Исатай ауданын бетке алды. Одан әрі Құрманғазы, Алтынжар…

 

                                                                                      Н.Ерғалиев

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Top