Экспедиция Исатай ауданында болды

Облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен «Атырау-Ақпарат» ЖШС бастамасымен Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының «Туған жер» деп аталатын бөлімінде берілген міндеттерді жүзеге асыру, өскелең ұрпаққа киелі де қасиетті өңірімізді жан-жақты таныту және насихаттау, дәріптеу, олардың тарихи сипатын айшықтау және бұл қасиетті орындар хақында ел аузындағы аңыз-әңгімелерді жинақтау сынды жұмыстар аясында ұйымдастырылған «Ұлтқа – мұра, ұрпаққа – рух!» атты тарихи-танымдық экспедиция дүйсенбі күні ауданымызға ат басын тіреген болатын.

Аудан әкімі Марат Мурзиев, жергілікті өлкетанушы, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Мұрат Бектенов, белгілі тарихшы, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Мүтиғолла Насиханов бастаған ұжым құрамында Қазақстан Жазушылар Одағы басқарма төрағасының орынбасары, жазушы Мереке Құлкенов, ақын, өлкетанушы Светқали Нұржанов, Қазақстан Журналистер Академиясының академигі Нұрлан Нұрғазин, ақын, белгілі тележурналист, ЮНЕСКО сыйлығының лауреаты Жұмаш Кенебай, облыстық мемлекеттік архивтің директоры Серік Қуаныш, «Атырау-Ақпарат» медиахолдингінің директоры Баязи Әбдешев және журналистері мен телеоператорлары бар сонау Қызылқоға, Индер, Махамбет аудандарынан келе жатқан аталмыш топты күтіп алды. Экспедиция мүшелері әуелі Атырау-Астрахан тас жолының жанында орналасқан көне «Тасгран» белгісінің тарихымен  танысты.

Мұнан әрі Тайман және Айғана ескерткіштеріне тәу етіп, зиярат қылған экспедиция аудан экономикасына қосып отырған сүбелі үлесі бар «Сазанқұрақ» мұнай компаниясы базасында мұнайшылармен кездесіп, баспасөз конференциясын өткізді. Онда 5 қазандағы Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын талқылап, айтылған міндеттер мен тапсырмаларды нақтылады. Сондай-ақ, облыстың киелі жерлерін аралау сапарының басты бағыттары мен негізгі мақсаттарын түсіндіріп, жұртшылық тарапынан берілген сауалдарға жауап берді. Келген меймандарға оң сапар тілеген жергілікті өлкетанушы Мұрат Бектенов жазушы Мереке Құлкеновке өзінің «Қос өзен мұнайшылары» және «Қызыл үй – менің мекенім» атты кітаптарын табыс етті.

 

Аслан Мұратұлы

Сурет авторы: Әбілмажан Шарапиденов

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Top