Атырауға тағы 15 жаңа автобус келді

«Daewoo» маркасының жаңа автобустары қаладағы «12» бағыт бойынша жолға шықты, деп хабарлайды Атырау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Атырау қаласы әкімінің орынбасары Мейірім Қалауидың айтуынша, облыс орталығы қоғамдық көлік тұжырымдамасын жүзеге асыруды жалғастыруда.

21 орынды «Daewoo» маркалы жаңа автобустар 75 жолаушыға арналған. Әрбір жаңа қоғамдық көлікте электронды билеттерді сату жүйесі, GPS-трекерлер енгізілген, нәтижесінде маршруттар арасындағы жылдамдықты және интервалды бақылауға болады.

«Егер бұрын «12» бағытында 10 автобус жүрсе, қазіргі кезде «Авангардтан» соңғы «Балықшы» аялдамасына дейін 15 автобус шығады. Ескі автобустар «2», «30» және «30а» бағыттарында жүретін болады. Біз барлық 15 орталық автобустың жаңартылуын жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, жүргізушілер жетіспеушілігі мәселесі шешілуде, бүгінгі таңда қалалық жұмыспен қамту орталығында жолаушылар көлігінің жүргізушілеріне деген сұраныс жалақының өсуінен кейін арта түсті. Менің ойымша, жақын арада бұл мәселе шешімін табады» дейді Мейірім Қалауи.

Айта кету керек, қоғамдық көліктерде жаңа мамандар жұмысқа қабылданған. Олар жұмыс сипаттамасына сәйкес оқытылған және сертификатталған.

«Жергілікті бюджеттен жаңа автобустар сатып алуға ешқандай қаражат бөлінген жоқ. Қоғамдық көлік «БРК-Лизинг» АҚ операторы болып табылатын автобус паркін жаңартудың жаңа бағдарламасы бойынша сатып алынды. Болашақта Атырау облысының әкімдігімен бірлесе отырып жаңарту бойынша жұмыстарды жалғастырамыз» деп мәлімдеді «Атырау» ӘКК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Данияр Тахауов.

Айта кетейік, «Атырау» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының қатысуымен және облыстық әкімдіктің қолдауымен жергілікті тасымалдаушылармен бірге «Atyrau-Avtopark» жаңа автобус паркі құрылған-тұғын. Мұнда Семейден 120 автобус сатып алынған. 2018 жылдың соңына дейін қосымша 30 жаңа автобус, ал 2019 жылдың қаңтарында тағы 55 бірлік қоғамдық көлік келмек. Сондай-ақ, келер жылы қосымша 200 жаңа автобус сатып алу жоспарлануда.

Бір жыл бұрын облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Атыраудағы қоғамдық көліктің жаңа тұжырымдамасын енгізу туралы жариялады. Жолаушылар тасымалы реформасы жаңа автобустар сатып алуды, қосымша бағыттарды дамытуды, сонымен қатар, қызмет көрсету сапасын жақсартуды қамтиды.

 

Айқара Ғұмар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Top