Мақаттық 60 отбасы жаңа пәтерге көшті

Мақат кентінде 60 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, кеше пәтер кілттері отау иелеріне табыс етілді.

Қоныс тойын тойлаушыларды құттықтауға аудан басшысы Жұмабай Қарағаев, тұрғын үйдің құрылысын әлеуметтік инфрақұрылым жобалары аясында іске асырушы «NСОС» компаниясының атқарушы кеңесшісі Серік Идранов, «БатысАльянсСтрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Әділ Жұбанов келді.

Облыстық құрылыс басқармасының тапсырмасымен NСОС компаниясының демеушілігімен салынған тұрғын үйдің құрылыс жұмысын «БатысАльянсСтрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген болатын.

Биыл құрылысы басталған тұрғын үй 3 қабатты. Пәтер ішіне газ, электр желілері тартылған. Жуынатын бөлмелері кафельденіп, заманауи талапқа сай құралдармен жабдықталған. Мұндағы пәтерлердің бәрі де 2 және 3 бөлмелі.

Жаңа пәтерлерді аудан бойынша тұрғын үй кезегіне тұрған азаматтар алды. Олардың қатарында: жетімдер, баспанасы апатты жағдайда деп танылған азаматтар және әлеуметтік осал топтың өкілдері бар.

Пәтер кілтін табыстау рәсімінен кейін жаңа үйге кіру алдында дәстүр бойынша ақжаулықты аналар шашу шашып, аудан әкімі бастаған топ жаңа пәтерлерді аралап, пәтер иелерінің қуаныштарымен бөлісті. Сондай-ақ, мердігер компания да жаңа қоныс иелеріне қысқа толқынды пешті сыйлыққа ұсынды.

Баспаналы болғандардың қатарында Әсемгүл Бекжанова да бар.

– Күні бүгінге дейін жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар санаты бойынша тұрғын үй кезегінде тұрдым. Бүгінгі күні өз кезегіммен пәтерлі болғаныма өте қуаныштымын. Бүгін мен ерекше бақыттымын. «Өз үйім-өлең төсегім» дегендей, мынадай қуанышқа кенелгеніме біртүрлі сенбей де тұрмын. Тұрғын үйді заңды түрде беріп жатырған NСОС компаниясын жергілікті билік өкілдеріне алғысымды білдіремін, – деді.

Сөйтіп, Мақатта мереке күні қарсаңында 60 отбасы қоныс тойын тойлады.

А.ТАУМҰРЫНОВА.
Суреттер автордікі

One Reply to “Мақаттық 60 отбасы жаңа пәтерге көшті”

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Top