Түске дейін көктайғақтың кесірінен 15 адам жарақат алған

Бүгін Атырауда түске дейін көктайғақтың кесірінен 15 адам жарақат алған.

Облыстық аурухананың жарақат пунктіне жүгінгендердің басым көпшілігі – жасы ұлғайған жандар. Мұзға тайып құлаған 15 адамның екеуі орташа ауырлықтағы зақым алып, травматология бөліміне жатқызылса, қалғандары дәрігерге тексеріліп, ем-домын алып, үйіне қайтарылған.

«Жаман айтпай, жақсы жоқ, кешке дейін көктайғақтан зардап шеккен адамдардың көбейетіні анық. Осы орайда, облыстық аурухананың травматолог-дәрігерлері кезекшілікте жұмыс істейтін болады. Орын саны жеткілікті, барлық жағдайға сақадай саймыз» дейді зақым-жарақат бекетінің меңгерушісі Асхат Бисенғалиев.

Қалалық әкімдіктің хабарлауынша, дәл қазір Атырау қаласы бойынша көктайғаққа қарсы 230 жұмысшы, 23 арнайы техника жұмылдырылып, жолдарға 36 текшеметр құм себіліп, 430 текшеметр тұз ерітіндісі шашылған.

 

Айдос Қарабала

Фото bnews.kz сайтынан алынған

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Top