Атырауда «Дарын» білімділер сайысы басталды

Атырауда «Дарын» білімділер сайысы басталды. Оған қатысуға өңірден 730 оқушы өтініш берген.

Білім додасының басты мақсаты – жан-жақты әрі білімге құштар, логикасы мен интуициясы дамыған оқушыларды көпшілікке таныстыру, оқушылардың танымдық қабілеттерін ынталандыру, пәндік білімдерін тереңдету, ғылымға деген қызығушылығын арттыру, сондай-ақ, «Жастар жылы» аясында білім алуды насихаттау.

Жоба облыстық Білім беру басқармасы, қалалық Білім бөлімі, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті және Атырау облыстық «Білім-Инновация» лицейінің қолдауының арқасында «Мирасқор» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен жүзеге асып отыр.

Бұл ретте, 9 ақпан күні Ғ.Сланов атындағы облыстық кітапханада «Дарын» білімділер сайысының алғашқы іріктеу сайысы өткізілді. Ол бір уақытта қала және аудан орталықтарында болды. Аудандардан барлығы 480 оқушы қатысса, қаладан 250 оқушы өз білімдерін сынап, тоғыз пәннен құрылған тест сұрақтарына жауап берді.

«Алғашқы іріктеу сайысының нәтижесі 3-4 күн ішінде белгілі болып, нағыз білгірлер мен білімділер тартысатын додаға қатысушы 32 оқушы есімі анықталады. Сөйтіп, 8 іріктеу, 2 жартылай финал және 1 финалдық ойынды өткізуді жоспарлап отырмыз. Жеңімпаз оқушыға республикалық университеттің біріне тегін оқу гранты берілсе, екінші, үшінші және төртінші орын алған қалған үш қатысушыға Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің тегін оқу гранты табысталады» дейді облыстық «Білім-Инновация» лицейінің баспасөз қызметі.

Айдос Қарабала

Фото облыстық «Білім-Инновация» лицейінің баспасөз қызметінен алынған

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Top