Атырауда үш биге арналған ескерткіш ашылды

Ескерткіш үш жүздің ұйысуы жолында өмірін өткізген Төле, Қазыбек, Әйтеке билерге арналған. Бұл туралы Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабар таратты.
Облыстық сот ғимаратының орталық кіре берісінде орнатылған ескерткіштің ашылуына Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Шапкенов, Атырау облыстық сотының төрағасы Марғұлан Бектұрғанов және Қазақстан кәсіподақтар федерациясының төрағасы Бақытжан Әбдірайым, тағы да басқа зиялы қауым өкілдері мен ақындар қатысты.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Шапкенов өзінің құттықтау сөзінде ескерткіштің ашылуы мұнайлы аймақтың қоғамдық және мәдени өміріндегі маңызды оқиға екенін атап өтті.


– Жоба Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында жүзеге асырылды. Қазақстан халқы тарихтағы ең күрделі кезеңде қазақтарды біріктіруде шешуші рөл атқарып, оларды елдің еркіндігі мен тәуелсіздігі үшін күрескен ұлы билері – Төле, Қазыбек және Әйтекені еске алады. Бұл – ұрпақтың сабақтастығы, дәстүрлердің жалғасы. Ескерткіш облыстық сот ғимаратының жанында кездейсоқ орнатылмаған, олар – қазақ халқының даналығы, әділдігі мен абыройының символы, – деген Серік Шапкенов бастаған топ есткерткішке гүл шоқтарын қойды.
Айта кетейік, қоладан жасалып, мәрмәр тұғырда орналасқан ескерткіштің биіктігі – 4 метр. Ал оның авторы – қазақстандық танымал мүсінші Бақытбек Мұхаметжанов.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Top