Облыстық перинаталдық орталықта 108 сәби шетінеп кеткен

Былтыр облыстық перинаталдық орталықта 108 сәбидің шетінеп кеткені туралы ақпарат Атыраудағы сәбилер өліміне қатысты өткен баспасөз конференциясында айтылды. Оған спикер ретінде облыстық Денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс педиатры Райса Баймұханова, облыстық Перинаталдық орталықтың директоры Қуаныш Нысанбаев және Перинаталдық орталықтың неонатология бөлімшесінің меңгерушісі Гүлмира Абекеева қатысты.

Олардың айтуынша, сәбилердің шетінеуі мерзімінен бұрын шала туылғандығына байланысты болып отыр. Тіпті, кейбір нәрестелердің салмағы 1 келіге де жетпейді екен. Мерзімінен бұрын туылған балалармен қатар, түрлі ақаумен дүниеге келген сәбилердің соңы да қайғылы жағдаймен сабақтасуда.

«Өкінішке қарай, жыл сайын балалар өлімі көбеюде. Мәселен, былтыр облыс бойынша бес жасқа дейінгі 206 бала қайтыс болған. Солардың ішіндегі бір жасқа дейінгі сәбилер саны – 176. Сондай-ақ, 2018 жылы 30 бала іштен туабітті ақаулықтан көз жұмды» дейді облыстық Денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс педиатры Райса Баймұханова.

Бұл ретте, облыстық Перинаталдық орталықтың директоры Қуаныш Нысанбаев сәбилер өліміне байланысты күні кеше БАҚ-та жарияланған ақпаратқа қатысты өзіндік түсінік берді.

«Бала өлімінің басым бөлігі уақытынан бұрын босанғандарға тиесілі. Мұны жоспарланбаған жүктілік деп те айтуға болады. Жүктілік кем дегенде 1,5 жыл аралығында сақталуы керек. Бұл жерде алдын алу шараларының маңызы зор. Мысалы, кешегі төрт әйел де мерзімінен бұрын босанғандар. Жалпы, ерте босануға не себеп: ол әйелдің жыныс жолдарынан берілетін инфекциялар, әйелдің гармоналдық статусы, т.б.» деп мәлімдеді Қуаныш Нысанбаев.

 

Айқара Ғұмар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Top