Атырауда жұмыспен қамтылғандардың саны екі есе өсті

Былтыр Атырауда жұмыспен қамтылған азаматтардың саны өткен жылдармен салыстырғанда екі есеге өскен. Бұл туралы облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Ұлықбек Тінәлиев мәлімдеді.

Оның айтуынша, өңірдегі аз қамтылған, мүмкіндігі шектеулі және жұмыссыз азаматтарды әлеуметтік қорғау бағытында көптеген іс атқарылып отыр.

«2018 жылы 32 263 жаңа жұмыс орны ашылды, оның 21 мыңнан астамы тұрақты. Жалпы, 24 674 адам жұмыспен қамтылды. Соның ішінде 16 538-і тұрақты жұмысқа, 1 186 адам Жастар тәжірибесіне, 841 адам әлеуметтік орындарға және 6 109 адам ақылы қоғамдық жұмыстарға орналасты» дейді Ұлықбек Тінәлиев.

Сондай-ақ, бүгінде қала мен аудандардағы Жұмыспен қамту орталықтарында электрондық кезек орнатылып, өз-өзіне қызмет көрсету орындары ашылған. Ең бастысы «Электрондық еңбек биржасы» ақпараттық жүйесі іске қосылыпты. Бұл жұмыссыздар үшін өте тиімді болып отыр.

«Аталған порталда 12 719 бос жұмыс орындары және 11 653 түйіндеме (резюме) жарияланған. Электрондық еңбек биржасы қызметін 1126 жұмыс беруші мен 3826 жұмыс іздеуші қолданды. Нәтижесінде, 2825 адам жұмысқа орналастырылды. Осы шараларға жұмыспен қамту агенттіктері де тартылып отыр» деп мәлімдеді басқарма басшысының орынбасары.

Айдос Қарабала

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Top