Атыраулық алты баланың әкесі: «Былтыр баспаналы болдық»

Атыраулық Дастан мен Айнұр Жұмахметовтер отбасы алты баланы тәрбиелеп отыр.

Қызылқоға ауданы, Тайсойған ауылында тұратын жас отбасының тұңғышы 2006 жылы дүниеге келген. 4 қыз, 2 баланың әкесі Тайсойған ауылындағы мектепте музыка пәнінен сабақ береді. Ал анасы – күміс алқа иегері. Қазір дәрігерлік амбулаторияда акушер болып жұмыс істейді.

«Табысымыз орташа. 4 бөлмелі баспанамыз бар. Жағдайымыз жақсы. Әйелім күміс алқалы ана және мамандығы дәрігер болған соң, жақында пәтерлі болдық. Ай сайын жәрдемақы төленіп отырады. Енді жетінші сәбиімізді күтіп жүрміз» дейді алты баланың әкесі Дастан Жұмахметов.

Ауданның үлгілі отбасына айналып үлгерген Жұмахметовтер әулетінің Мариям есімді кішкейталарынан басқасы мектепке барады. Оқуға қажетті құрал-жабдықтарын қаражаттарына қарай қамтамасыз етеді.

«Жұбайым – екеуміз жұмыс жасаймыз. Ал балаларымыз ата-әжесінің қолында қалады. Өзім мұғалім болғандықтан, мектепте балаларыма да сабақ беремін. Оларға жақсы тәрбие беруге тырысып келеміз: жұмыстан тыс уақытта жұбайымыз – екеуміз отбасылық ансамбль болып, аудандағы түрлі сайыстырға қатысып жүрміз» дейді Дастан.

Өнерлі жанұяның балалары бос уақытын құр жібермейді. Қыздары ән айтып, домбыра тартады, ал бір ұлы би үйірмесіне қатысады.

Көпке үлгі болып келетін отбасының отау құрғандарына биыл 14 жыл толады. «Отбасының беріктігі – сыйластығымызда» дейді Жұмахметовтар отбасы.

Н.Әліпмұратова

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Top