Көмекке мұқтаж әр адам кәсіпкерден онлайн көмек сұрай алады

Көмекке мұқтаж әр адам «Менің атамекенім» порталы арқылы өтініш қалдырып, кәсіпкерлерден көмек сұрай алады. Бұл туралы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Эльдар Жұмағазиев мәлімдеді.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өткен жылы жүйелік және жеке әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған «Менің атамекенім» жобасын қолға алға болатын. Осыған дейін түскен 600-ден астам әлеуметтік мәселенің 65-і шешімін тапқан.

«Менің атамекенім» онлайн порталы әрбір мұқтаж адамның кез келген мәселесін шешуге қол ұшын береді. Елімізде қайырымдылық жасап отырған кәсіпкерлеріміз баршылық. Көп жағдайда жасаған жақсылығын кәсіпкерлер айта бермейді. Енді осы платформа арқылы кәсіпкерлер әлеуметтік мәселелерге қатысты толық ақпаратты бір жүйеден көріп, қажетті көмекті көрсетеді. Бұл игі бастаманы кәсіпкер Мирус Құрмашев өз атынан әлеуметтік жауапкершілік танытып, порталдың жұмыс жасауына қол ұшын беруде» дейді «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Эльдар Жұмағазиев.

Бұл порталға өтініш беру тәртібі жеңіл. Әуелі «Менің атамекенім» платформасына кіріп «Көмек қажет» деген батырманы басу арқылы өзі туралы қысқаша мәліметті толтырады, арнайы өтініш үлгісін де порталдан алуға болады. Содан кейін әр адам жағдайы туралы мәлімет жазып, өтінішті сканерден өткізіп, құжаттардың көшірмесін тіркеп, «Жүктеу» деген нүктені басу арқылы көмек қажет екендігі жайында хабарлай алады.

«Егер қандай да бір сұрақтар туындаса, 1432 нөмірі арқылы байланыс орталығына хабарласып, өтінішті қалай толтыру керектігі жайында көмек сұрайды. Осылайша, мәселе «Әлеуметтік мәселелер картасына» тіркеледі. Сондай-ақ, әр өңірде «Атамекеннің» өңірлік палаталары жанындағы «Өз-өзіне қызмет көрсету» орталықтарында да мамандар өтінішті толтыруға көмектеседі» деді «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Эльдар Жұмағазиев.

Айта кетейік, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өз тарапынан қайырымдылық танытқан азаматтардың мемлекеттік деңгейде, жергілікті деңгейде есімі еленуін қолға алмақ ниетте.

 Хорлан Смадияр

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Top