Көпке үлгілі көпбалалы Теміровтер отбасы

Көпбалалы Теміровтер отбасы Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Еңбекші ауылында тұрады. Олар «Бір қозы өмірге келсе, бір түп жусан артық өседі» дегендей, әр баланың өз ризығы, өз несібесі бар дегенге сенеді.

Ауыл-аймаққа өнегелі жанұя атанған Ерлан Теміров пен Жанна Турчеева бүгінде 8 баланы тәрбиелеп-өсіріп отыр. Олардың алтауы – қыз, екеуі – ұл. Балаларын бақыты санайтын отбасы шүкірлігін аузынан тастаған емес. Біреуге қол жайып, көмек сұрап көрмеген. Маңдай терімен тапқан табыстары байлыққа бастамаса да, күнделікті күйбең тірлігіне жараған, ас-суына артылған.

«Өзім ауылда әлеуметтік қызметкер болып жұмыс істеймін. Жалақымды уақытылы аламын. Ал жолдасым – көтерме жұмыста. Сонымен қатар, «Алтын алқаға» берілетін қосымша ақша бар. Бұдан бөлек, ай сайын атаулы әлеуметтік көмек ретінде 120 мың теңгені алып отырмын» дейді көп балалы ана Жанна Турчеева.

Бүгінде сегіз баланың тұңғышы Нұрлы – 17 жаста, Еңбекші орта мектебінде 11 сыныпта оқиды. Екіншісі Динараның жасы – 15-те, 9 сынып оқушысы. Ал Тілекші есімді қызы – 13 жаста, Нұртілегі – тоғызда. Нұрберген атты ұлы былтыр мектеп табалдырығын аттаған. Аружан қызы биыл алтыға толады. Кенжелері – үш жасар Інжу, Маржан атты егіз бүлдіршін.

«Шүкір, балаларымның мектептегі оқу үлгерімі жақсы, үздіктер қатарынан табылып жүр. Қоғамдық жұмыстарға да белсене араласады. Күнде кешкісін сабақтарына тыңғылықты дайындалады. Мәселен, 9 сыныпта оқитын қызым Динара аудандық деңгейде өтетін түрлі волейбол жарыстарына қатысып жүр. Қадамы көңіл қуантарлық» дейді «Алтын алқа» иегері.

Осылайша, Теміровтер отбасы ел қатарлы өмір сүруде. Әжептәуір тұрмыс-тірлігі бар. Төрт бөлмелі үйінде барлық жағдайы қамтылған. Шамы жағулы, суы құбырдан ағулы. Ешкімнен көмек сұрап, ешкімге шағынған емес. Алақан жайып, дорба арқалайтын жәйі жоқ…

«Ең бастысы, көйлегіміз көк, тамағымыз тоқ. Ауламыздағы қорада мал да ұстаймыз. 2015 жылы «Өрлеу» бағдарламасы бойынша мүйізді ірі қара мал алып, шаруашылығымызды бастадық. Алдағы уақытта фермерлік кәсібімізді одан әрі ұлғайтқымыз келеді» дейді Жанна Турчеева.

Әлбетте, елімізде көп балалы отбасыларды қолдауға жыл сайын жете көңіл бөлініп келеді. Тек ынта-жігер, келешекке деген сенім керек-ақ. Ауылдағы Теміровтер отбасы – сөзіміздің дәлелі.

Айдос Қарабала

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Top