Рубик текшесін құрудан чемпионат өтті

Атырауда 12-13 қаңтар күндері алғаш рет Рубик текшесін жылдамдыққа құрудан аймақтық чемпионат өтті. Оған 60-тан астам қатысушы бағын сынауға ниет білдірген.

«Рубик бірлігін уақытқа құрудан Семей, Алматы, Шымкент қаласынан және Ақтөбе облысынан дарынды жастар жиналды. Сондай-ақ, сайыстың әділ өтуін бақылауға Украинадан тәуелсіз сарапшылар шақырылған» деп хабарлайды Атыраудағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз хатшысы Әнуар Жаманқұлов.

Екі күнге созылған зияткерлік додада жаңа рекордтар мен есімдер белгілі болды. Мәселен 2х2, 3х3, «мегамикс», «пирамида» сынды категориялар бойынша Әзиз Олжағали, Самалбек Келімов, Әмірхан Исламовтар алдына жан салмады. Әсіресе атыраулық Досымжан Жұмабиденов «көзді жабық күйде жинау» категориясында үздік саналды.

«Бұл менің Қазақстанға алғаш рет келуім. Сіздерде Рубикті құрастыру қарқынды дамып келеді. Осыдан бес, он жыл бұрын федерация бөлімшелері тек Астана мен Алматы қалаларында болған. Ал қазір елдің барлық аймақтарында KSF өкілдері жұмыс істейді. Бұл мемлекеттің жастарға, олардың болашағына жасап отырған үлкен көмегі деп есептеймін. Ал Атыраудағы чемпионатқа келер болсақ, мұндағы қатысушылардың басым бөлігі, яғни 90 пайызы жасөспірімдер. Балалар үшін бұл алғашқы тәжірибе» дейді WCA қауымдастығының Украинадағы өкілі Степан Джурило.

Екі күндік сайыстың қорытындысы бойынша, 3х3 негізгі категориясында ІІІ орынды Самалбек Келімов, ІІ орынды Әмірхан Исламов, ал сайыстың кубогы және жүлделі І орынды атыраулық Әзиз Олжағали иеленді. Жеңімпаз күрделенген Рубик текшесін бар болғаны 12 секундта құрастырып, көрермендерді тәнті қылды.

 

Айқара Ғұмар

Фото Атыраудағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметінен алынған

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Top