Ш.Сариев атындағы өнер музейінде ретро-көрме ашылды

Ш.Сариев атындағы өнер музейінде ретро-көрме ашылды

Атыраудағы Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінде ретро-көрме ашылды. Көрмеге 28 туынды қойылған.

Мақсаты – музей қорындағы кескіндемелік туындыларды кеңінен таныстыру, суретшілер шығармашылығын насихаттау.

Оған Ж.Шәрденов, М.Кенбаев, Г.Исмаилова, С.Мәмбеев, Ә.Сыдыханов сынды Қазақстанның тұңғыш кәсіби суретшілерінің кескіндемелік жұмыстары қойылған. Олардың шығармашылықтары еліміздің бейнелеу өнері мектебінің қалыптасуы мен дамуына ықпал етті.

Сонымен қатар, көрермендер Н.Наседкин, И.Стадничук, В.Фролова, Е.Невежин, В.Фарберов, П.Попов сынды қылқалам шеберлерінің таңғажайып туындыларын тамашалауға мүмкіндік алады. Бұл суретшілер қазақ жеріндегі классикалық кескіндеме өнерінің дамуына өзіндік үлес қосқан. Елімізге танымал жергілікті қылқалам шеберлері М.Қалимов пен Ж.Аралбаевтың да керемет жұмыстары көрмеден орын алған.

Ретро-көрмедегі көрермен назарына ұсынылған әр туынды – ерекше дарын иелерінің ой ұшқырлығы мен асқан шеберлінің айқын көрінісі. Айта кетейік, бұл көрме наурыз айына дейін жалғасады.

 

Айқара Ғұмар

Фото Ш.Сариев атындағы өнер музейінің Facebook парақшасынан алынған

Leave a Comment